Жаңалықтар

Радиода

18:05 те “Ділмар” үйірмесінің мүшелері, мектеп интернат оқушылары Шалқар ұлттық радиосының “Асыл сөз” бағдарламасынан тікелей эфирде сұқбат береді.
Алматы бойынша 106.5 жиілігін қосып қойыңыздар!

Шалқар ұлттық радиосының тікелей эфирінде сұқбат берген Айсымбат Тақылбекқызы өз әсерімен бөліспек:

Апта әдеттегіше қауырт сабақпен басталып, “Ділмар” үйірмесінің жиналысы өтті. Ағайымыз жаңа ақпарат айтып, бір апталық жоспармен таныстырды. Бұл жолғы радиоға үйірме үміткерлерінің арасынан Әмина, Айша есімді құрбыларыммен бірге мен де баратын болдым. Бір жағынан өзімді шыңдаудың жақсы мүмкіндігі ғой деген ойда болсам, екінші жағынан ішімде әлдеқандай қобалжу, толқыныс болды. Осылайша, қасиетті жұманың кешінде жүргізілетін эфирге, яғни, радиоға баратын сәт те туды. Барынша жаттаған шешендік сөз, өлеңдерімді қайталап, өзімді сенімді ұстауға тырыстым. Жол-жөнекей “Тәуелсіздік таңы” ескерткішіне тоқтап, аздаған мәліметке ие болдық. Көп өтпей бай тарихы бар “Шалқар” ұлттық радиосына да келіп жеттік. Неге екені белгісіз көзге ерекше жылы ұшырайды екен. Ғимараттың ішіндегі қабырғаларда “Қазақ” радиосының көркеюіне үлкен еңбек сіңірген ұлы тұлғалардың көз тартарлық суреттері ілініпті. Әр суретке үңіліп қарасаң, тарихтан сыр шертетін секілді. Сұқбат та басталды… Сөз кезегі маған да келді. Алғашында бойым үйренбей, тартынып отырғаныммен, сөйлей келе бойымда өзіме деген сенімділік пайда бола бастады. Ең алдымен жаңа мектепке келуге не себеп болғаны жайында сөз қозғалып, өзіміздің тәжірибемізбен бөлістік. Кейіннен шешендік сөз өнерінің тарихында аты өшпестей болып қалған Бөлтірік шешеннің оқиғасын айтып бердім. Жеке шығармашылығымнан Абай атамызға арнап шығарған арнауымды оқыдым. Әрине, кемшіліксіз адам болмайды. Өзімнің сөйлеу барысында жіберген қателіктерімнен сабақ алдым. Келесіде ол қателіктерді жібермей, бұл жолғыдан да жақсырақ айтармын деген мақсатпен қайттым. Қазақтың “көре-көре көсем боларсың, сөйлей-сөйлей шешен боларсың” деген мақалы текке айтылмаса керек. Алдағы уақытта да осындай үлкен тәжірибелер жинап, өзімді үздіксіз дамытып, “Ділмар” клубының өркендеуіне өз үлесімді қосамын деген ойдамын.

Жазба авторы: Айсымбат Тақылбекқызы

Меню