Жаңалықтар

“Мен жастарға сенемін” тақырыбындағы V республикалық ақындар айтысының қорытындысы

Айтыс – қазақтың төл өнері
Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан төл өнерді ұлықтап, жас таланттардың жұлдызын жағу мақсатында Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатында «Assyltas» қоғамдық қорының демеушілігімен 13 желтоқсан күні жалпы білім беру ұйымдарының оқушылары арасында “Мен жастарға сенемін” тақырыбында бесінші мәрте республикалық ақындар айтысы өткізілді. Биылғы өлең және өнер додасына еліміздің барлық өңірлерінен, желілік Абай мектептерінен, оның ішінде 8 облыс, 3 республикалық маңызы бар қалалардан 21 жас ақын бақ сынады.
Айтыс тізгінін жас айтыскер ақын, Абай атындағы РММИ түлегі, Серік Қалиевтің баптаған жүйрігі «Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы термешілер одағының» мүшесі Алтынбек Ибрагимов ұстады. Әділ қазылар алқасында құрамында айтыскер ақын, ҚР Мәдениет қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері – Серік Қалиев, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, мәдениет және ақпарат саласының үздігі, суырыпсалма ақын Айтақын Бұлғақов, О.Досбосынов атындағы ақындар орталығының директоры – Шұғайып Сезімхан, айтыскер ақын, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры – Ринат Заитов, «Assyltas» қоғамдық қорының жетекшісі – Рауан Оқас, Абай атындағы РММИ-дің түлегі, «Асыл домбыра – 2022» иегері Тұрсынбай Айтбек қазылық жасап, қатысушыларға әділ бағасын берді.
Қазылар алқасы айтысқа қатысушылардың өнерін бағалауда тақырыптың ашылуын, суырыпсалмалық қасиетін, өлеңнің көркемдігі мен ой айшықтығын, тіл нормасының сақталуы мен сахна мәдениетін ескерді. Қазылар алқасының шешімі бойынша суырыпсалма қасиетімен, ұшқыр ойымен оқ бойы оза шапқан айтыскер ақындар ақшалай жүлделермен, дипломдармен, алғыс хаттармен, арнайы жүлделермен, ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Айтыс қорытындысы:
І орын (150 мың теңге)
????Маңғыстаулық жас ақын Аушанов Ерсұлтан
ІІ орын (60 мың теңге)
????Абай атындағы РММИ-дың оқушылары Арыстан Ағыбай мен Болатқан Данияр
ІІІ орын (40 мың теңге)
????Ақмола облысынан келген Сейтімхан Кәусар
????Ақтөбелік Нұрадин Арай
????Мектеп-интернатымыздың талантты жас ақыны Қазыбек Жалғас
Ынталандыру сыйлықтары (30 мың теңге)
????Сейтжанұлы Ерасыл (Абай атындағы РММИ)
????Болат Тәңірбердіге (Абай атындағы РММИ)
Айтыста ерекше көзге түсіп арнайы жүлдемен марапатталған (25 мың теңге)
????Жамбылдық ақын Тынышбек Санжар
????Түркістан облысынан келген Тоқсанбай Рахат
Жүйріктерді баптаған, жүлдегер оқушылардың жетекшілері Алғыс хаттармен марапатталды.
Республикалық оқушылар айтысына белсене қатысып, өз өнерлерін ортаға салған Байжігіт Бейбіт (Ақтөбе облысы), Құлахмет Елсияр (Шымкент қаласы), Жақатаева Науат (Астана қаласы), Есебай Өміртай (Қызылорда облысы), Шуахбаев Дидар (Қызылорда облысы, желілік Абай мектебі), Мисалбек Назар (Астана қаласы, желілік Абай мектебі), Тілеуғазы Өрден (Жетісу облысы), Шәріпбай Балнұр (Алматы облысы), Сезімхан Сырымбет (Абай атындағы РММИ), Уәлиев Нұрбек (Алматы облысы), Абдиризакова Жұлдыз (Алматы қаласы) Алғыс хаттармен мен сыйақыларға (15 мың теңге), «ASSYLTAS» қоғамдық қорының сыйлықтарына ие болды.
Абай атындағы мектеп-интернаттың түлегі Тұрсынбек Айтбек өз демеушілігімен дараланған екі жас ақынға арнайы жүлдесін (25 мың теңге) табыстады. Байқау соңында мектеп-интернат директорының міндетін атқарушы Ержан Нұрланұлы әділ-қазылар мен демеушілерге өз алғысын білдіріп, киелі өнердің одан әрі өз жалғасын таба беруін тіледі.
Меню