Жаңалықтар

БАҚҰЛ БОЛ, ҰСТАЗ!

Абай атындағы РММИ ұжымы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ұлағатты ұстаз Гумарова Раджана Фатыхқызының туған туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Гумарова Раджана Фатыхқызы 1956 жылы 16 қыркүйекте Атырау облысы, Теңіз ауданы, Ганюшкино ауылында дүниеге келген. 1978 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты, филология факультетінің «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген соң Алматы облысы, Ұйғыр ауданы Шонжы ауылындағы №2 Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген.
2001 жылы Алматы қаласындағы №17 орта мектеп-интернатында қызмет істеген.
Абай атындағы РММИ-де 2004 жылдан бастап орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Сабақтары әрдайым қызықты, әсерлі болып өтетін. Оқушылары мектеп өміріне белсене араласып, орыс тілі мен әдебиетінен облыстық, республикалық олимпидаларда жүлделі орындарды иеленді. Оның дарынды оқушыларды дамыту, қолдау, әр оқушының психологиясы мен сабаққа қызығушылығын тани білу, оларды құрметтеу туралы ой-пікірлері қазіргі жас ұстаздарға үлгі болып қалады.
Раджана Фатыхқызы шәкірттерге тек орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріп қана қоймай, оқушыларының жоғарғы оқу орындарының грант иегерлері болуына өз септігін тигізе білді. Раджана Фатыхқызының алдынан білім алған барлық оқушы ҰБТ -дан жоғары ұпай жинап, орыс әдеби тілін толық меңгеріп шыққанын дәлелдей білді. Жас ұрпақтың бойына адамгершіліктің адал негізін қалап, рухани әрі мәдени тәрбие бере білген зерттеуші-педагог Раджана Фатыхқызының еңбегі ақталып, ҚР БҒМ Құрмет грамоталарымен, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапатталған.
Гумарова Раджана Фатыққызы – біз үшін өз ісінің шебері әрі оқушыларға деген сүйіспеншілігінің жарқын үлгісі болып қалмақ! Біз ұлағатты ұстазымыздың жарқын бейнесін мәңгі есте сақтаймыз, құрмет тұтамыз! Қайғырып көңіл айтамыз!
Меню