Жаңалықтар

“Мемлекеттік қызметтегі шешендік”

Дәстүрлі танымдық дәрістер аясында 7 сәуір күні мектеп-интернат оқушыларымен ерекше онлайн сұхбат болды. Сұхбат қонағы – «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының, Журналистер Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алтын Адам» ұлттық сыйлығының лауреаты, Жыл адамы, қоғам қайраткері, көрнекті публицист, ҚР Парламенті сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп мырза!
Нұртөре Жүсіп мырза “Мемлекеттік қызметтегі шешендік” тақырыбында мектеп-интернат шәкірттерімен пікір алмасып, жас өрендердің сұрағына жауап берді. Теңізден маржан сүзгендей, гауһар тасты қашағандай қажетті сөздерді теріп, тізіп сұхбатқа салған қадірлі қонаққа шәкірттер таңдай қағысып, шешендігіне тәнті болды, тәлім алды. Болашақта да кездесуге үмітті екендіктерін білдірген оқушылар мың алғыстарын айтып, тартымды әрі тағылымға толы сұхбаттан ләззат алып, санаға біраз ой түйіп қайтқандарын айтып-жазып жатты. Көкейінде жүрген көп сауалға жауап іздеген оқушылар сұрақты жаңбырша жаудырды. Ал шешен һәм білімді қаламгер ағынан жарылып, әр сауалға барынша толық тоқталып, жеріне жеткізе жауап берді. Мемлекетшілдік, отансүйгіштік, ұлтқа, тілге құрмет сезімі қашан, қалай қалыптасатынын айта келіп, жаңа, жас буынға бағыт бағдар беріп, ағалық ақылын айтты. Тәуелсіздікті, оның құндылықтарын қалай сақтауға болатынын тәптіштеп түсіндірді. Сөйтті де азат ойлы ұрпаққа жауапкершілік жүктеді. Бүгінгі күннің өзекті мәселесін ашық әрі ашып айтып, шешу жолын көрсетті. Өзінің ізденісін мысал ете отырып өнегелі ой тастады. Шешендіктің мемлекеттік қызметтегі және қоғамдағы маңызы мен рөліне баға беріп, меңгеру әдісін үйретті. Ал оқушылар мектеп түлегі, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевпен сұқбаттасу орайын күтіп жүргенін айтып, Нұртөре ағамыз арқылы дұғай сәлем жолдады.
Осылайша Нұртөре ағамыз тыңдаушыларын сүбелі сөз, өзгеше ойларымен тәнтті етті. Оқушылар ағамызға айрықша алғыс айтып, қуатты қаруымен қаруланып, шабыттанып, қанаттанып, жігерленді.
Меню