Жаңалықтар

Педагог этикасы

Жадыңда сақта!

           Дана да көреген ұстаздарыңды сүйе біл, әрдайым оларды сыйлап жүр. Дарытқан білімі, көрсеткен өнегесі, берген тәлім-тәрбиесі және ақыл-кеңестері үшін оларға мың да бір алғыс айтсаң да аз келеді. Өйткені ұстаз еңбегі – баға жетпес қазына.

Сәті түсе қалса болды, ұстаздармен бірге болып, сұхбаттасып, өмір жолдарынан, тірліктерінен үлгі алуды өмірлік міндетім деп біл! Өйткені олардың ғұмыры ақиқат пен беріктікке негізделген, ал алған бағыттары – әділет пен айнымастық жолы.

Егер тәлімгерің сені әлдене үшін айыптаса, мұны пайдалы кеңес деп біл. Егер ол сені ақиқат пен әділетке қарсы келетін іс-әрекеттен сақтандырса, оны ұлы тілекшің мен иманды тәлімгерің деп сана да, ешқашан оған ұнатпаушылықтың көлеңкесін көрсетпе.

Ұстаздар тыйым салған, күмәнді, шүбәлі және өзің білмейтін істердің бәрінен сақтан. Сонымен қатар, танып-білуден бастартпа. Адам тағдырының абыройлылығы мен баға жетпес құндылығы оның қайырлы істері мен білім дамытуымен айқындалады.

Білім – ержүрек батырдың тәжі мен даналықтың алтын алқасы. Уақыт оның орнына, ұстазыңа айналмас үшін, саған өнегелі тәрбие беретін тәлімгер ауадай қажет.

Адам өзіне қажетті құнды білім мен өнерді және мінез-құлықты өзін қоршаған ортаны асықпай зерттеп, бақылау арқылы ғана ала алады. Көп ізденгеннен, білімділіктен ақыл-ой тойынып қалмайды.

Ұстаздармен, ғылым қуған білімді адамдармен достасып әңгімелесуге, пікірталастыруға және осындай бақытқа жетуге еңбегіңді аяма.

Ұстаздарды пір тұт, қадірле, қастерле. Саған анаңдай жақын, туғаныңдай ыстық жан – ұстазың. Сені өмірдің кетігіне кірпіш етіп қалаған, өміріңе бағыт-бағдар берген, ғұмырыңды әдептілікпен әспеттеген, білім нәрімен сусындаттырған, тәрбиесін дарытқан да ұстазың екенін ұмытпа.

Ендеше, есіңде болсын, мұндай ардақты жанды тек мектеп қабырғасында ғана емес, ғұмыр бойы ардақтап өтуге тиіссің.

Меню