Жаңалықтар

Дарын – дарындыларды даралайтын мекен

Аса құрметті оқырман! Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернат жайлы естігеніңіз бар ма? Қазақстан бойынша бір ғана Республикалық мектеп қалғанын білесіз бе? Ол әрине, менің дарыным! Талайларды асқақтатқан, дарындыларды даралаған мекен. Әдетте, Вконтакте, инстаграм желісінде оқушылардың жартысынан көбі Дарын мектебі жайлы біраз сауалдар қойып жатады. Қалай түседі? Емтихандар калай болады? Нешінші сыныптан бастап қабылдайды? Осындай сынды сұрақтар өте көп… Негізінен біздің мектеп қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп. Сондықтан емтихандар осы екі негізгі пәннен алынады. Екі күн қатарынан болатын сынақтың алғашқысы шығарма жазудан тұрады. Арнайы Министрліктің жіберген тақырыптары бойынша жазылады. Екінші күні тапсырма және жеті сұрақтан тұратын сынақтамаға жазбаша жауап қайтарасыздар. Екі-үш күннен кейін мектепке түсушілердің есімдерін білуге болады. Сонымен қатар ең негізгісі жетінші сынып тәмамдаған оқушылар ғана тапсыра алады.Міне, бәрі оңай. Әрине, біздің қазақ балалары ақындық пен жазушылыққа өте жақын ғой?! Сол себепті шығарма жазуда еш қиналмайды деген ойдамын. Бұл арнайы сіздерге арналған мағлұмат болсын. Сіз Дарынның ең ерекше өзгешелігін білесіз бе? Қызық болар? Сіздер мысалы, оқушылар қауымы Республикалық конкурсқа түсу үшін қаншама сайыстардан өтесіздер. Аудандық, облыстық, қалалық тағысын тағы…Ал, бізде бірден Республика бойынша конкурсқа түсеміз. Бұл жақсы. Республикалық олимпиада, ғылыми жоба, түрлі ақындық оқулар осының бәрінде біздің дарынды оқушылар әрқашан дес бермеген. Әр кез I-II дәрежелі дипломмен оралады. Оған қоса Халықаралық олимпиадалардан жеңіліп көрмеген. Естеріңізде болар Аида Жеңіс есімді қыздың «Кореяны мойындатқан 17 жасар қыз» атты мақаласында биылғы Халықаралық олимпиада жеңімпазы жайлы сөз қозғаған. Осы жылы Корея Республикасына 7 оқушы барып, екеуі II дәрежелі дипломмен және қалған 5 оқушымыз III дәрежелі дипломмен оралды. Тағы бір айтар жайт, Ресейде болған олимпиададан 4 оқушымыз, Байқоңырда өткен жарыста тағы 2 оқушымыз II дәрежелі дипломмен, Алматы қаласында Жолдасбеков атындағы конкурстан 1 оқушы, Сүлеймен Демирелі университетіндегі байқаудан 2 оқушы жүлделі орындарды қанжығалады. Мұның бәрі Халықаралық олимпиада жеңімпаздары. Келесі кезекте Республика төңірегінде өтетін Ғылыми жоба, Пәндік олимпиада, Қ.Бітібаева атындағы олимпиада және Махамбет, Абай, Мағжан, Жамбыл оқулары жайлы сөз қозғаймыз. Сіздерге осы жылғы статистика бойынша дарынды оқушылардың жетістіген айтып отырмын. Республикалық пәндер олимпиадасында барған 6 оқушы да I-II-III дәрежелі дипломмен оралды. Ал Ғылыми жобалар байқауында 15 оқушы үш орынды да алды. Екі-үш ай бұрын өткен Қ.Бітібаева атындағы олимпиададан 5 оқушы II-III дәрежелі дипломмен оралды. Иә, Дарынның әр жыл сайын жетістігі осындай көрсеткіште болады. Бірде-бір оқушы шет қалмайды. Бәрі дерлік бүкіл жарыстарға қатысып, бағын сынайды. Тіпті, алғаш аяқтарын басқан сегізінші сынып оқушылары Халықаралық олимпиадаларға физика, биология, математика пәндері бойынша конкурсқа барып келіп жатады. Бір сөзбен айтқанда күллі елді шарлап, өздерінің ғана емес мектептің де мәртебесін асқақтатып жүреді. Жыл сайын 70-80 жас түлек бітіріп шығады. Дарында «Алтын белгі» мен «Қызыл аттестатқа» үміткер оқушылар да бар. Былтыp 14 «Алтын белгі» және биыл 10 «Алтын белгі» шықты. Қызықтыңыз ба? Кез келген адам қызыға да қызғана да қарайтыны рас.Өз басым конференция, жиындарға оқушы ретінде барғанымда қайда оқитынымды сұрағанда осындай мектепте білім алатынымды айтсам, бірден танып «Керемет мектеп. Естуім бар…» деп жатады. Мектептен талай дүлдүл мен бұлбұлдар шыққан. Көбіне мектеп оқушылары журналистика мамандығына барады. Сол себепті Дарын мектебі ҚАЗҰУ-да өтетін байқаулардан қалмай қатысатыны сондықтан. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен тығыз байланыста. Дарынға келген әрбір оқушы жан-жақты, ашық, бауырмашыл боп жетіледі. Қызғану,жек көру деген жағымсыз, артық сезімдерді білмейді. Тәртіптің маңызы бізде өте жоғары. Үлкенді сыйлау, кішіге қарау сынды жайттар қатты қадағаланады. Белгілі бір уақытта ұйықтап, белгілі бір уақытта оянамыз. Таңғы ас, түскі ас, кешкі асқа арнайы түрде кезекпен кіреміз. Мұнда жүріп бәрін біліп, бәрін үйренуге өте қолайлы. 4 жыл ішінде сіз «идеал» адам боп шығасыз. Сегізінші, тоғызыншы сыныптан бастап біздің оқушылар өздерінің жыр-жинақтарын шығарады. Өлеңдер жинағы және әңгімелер. Бізде ақындар көп. Өткір ауызды тілмен тамаша туындыларын «Ұлан», «Қазақстан патриоты» сынды газет-журналдарға жіберіп тұрады. Дәл осы уақытта олар нағыз журналист болуға дайын болып барады. Мектептің арнайы көк түсті формасы бар. Сол жақ түсінде «РММИ» деп тұратын төс белгісі бар, мүмкін, сіз жарыстарда мұны көргенде боларсыз?! Дарынның дарынды оқушылары дәл осындай. Кез келген жерде жеңіспен оралуға үйренген. Дарын туралы аз да болса кішкене мәліметтермен таныстырып өттім. Тағы арнайы осы жайлы блог жазамын. Келесі блогты күтіңіз! Сонымен қатар Дарынның дара сырларын білгіңіз келсе Вконтакте желісінде «Признавашки дарын» группасынан және инстаграмда «daryn_rmmi» парақшасынан көре аласыздар!
https://massaget.kz/blogs/17894

 

Меню