Жаңалықтар

Шын шешенді шығаруға жол ашар -“2021-2022 оқу жылының Жыл шешені” байқауы мәртебелі мәресіне жетті.

10 мамырда 10 оқушы 10-сыныптардың жол беріп баптауымен, 10 тақырып бойынша сөз сайысына қатысып, өз араларынан дара шабар ділмарды анықтады. Көркем әдебиетті оқу, тоқу, жаттау, еске сақтау, оны қолдану шеберлігі мен іздену деңгейіне қарай сараланып, бағаланып, дараланып шыққан жүйріктер жүлделі орындарға ие болып, баға жетпес сый-сауғаларға ие болды.
Көшенің тілінде көпіріп сөйлеуді емес, көркем тілмен көңіл толқытар сиқырлы, сырлы сөз, образды ой айтып, маңызды мәселе көтеріп, жан әлемінің жақсы нұрын жүрегімізге тарата алғандар мен шешендік, нақыл сөздерді тиімді пайдаланып, ғибратты жолға түскен жас буынға жігер беріп сүйіндік. Сөз, ой таппай сүрініп, тақырыпты аша алмай, сүрініп, мүдіріп, сасқалақтап, сан соғып қалған шәкірттерге күйіндік.
Бұл жолы ғана емес, жыл бойы біртынбай ізденіп, өзін үздіксіз дамытып, рухани әлемін байытып, сөйлеу және жазу шеберлгігін қатар шыңдап, еңбегінің жемісін көріп, “Жыл шешені” атанған Шәмілге риза болып, бата беріп, жауапкершілік жүктедік. 8-сыныпта жүріп-ақ тағылымға толы ой қозғап, көркем сөзбен көңіл марқайтқан Нұрай, Нұрсәуле, Бақзадаларға тәнтті болып, бұдан да жоғары жетістік жасар деп үміт арттық. Махаббат, Сая, Әйгерім, Нұргелділердің алдағы ізденісі апта сайын артып, алты алаштың ардақтысына айналар деп сенім ұялаттық.
Айтпақшы, “Жыл шешені” – арнайы кубок, куәлік алды. Ең бастысы, Оралхан Бөкейдің 1000 беттен асатын таңдамалы кітабын еншіледі. Қалған жүлделі орын иегерлері де “Атамұрадан” жарық көрген классиик ақын-жазушылардың таңдаулы кітаптарын, З.Сәнік атындағы мәдениет қоры шығарған кітаптарды қанжығалап, қарық болды.
Шәміл енді IV Республикалық “Ділмар” шешендік өнер байқауына бірден қатысуға жолдама алды. Қалған қатысушылар Шәмілден асып түсуге бел байлап, кешкі астарына беттеді.
Біз осы арқылы көшенің тілінде қалай болса солай сөйлейтін көпшілікті әдеби де әсерлі, көркем де көңіл толықтар сұлу сөзбен сөйлеуге бағыттаймыз!
Бәріміздің ортақ жетістігіміз құтты, қайырлы болсын!

Жарқын Сәленлы, “Ділмар – ақпапат”, 2022ж, 10-мамыр.

Меню