Жаңалықтар

“Ділмар” үйірмесі мүшелерінің ұстаз туралы жүрекжарды жазбалары.

“Ділмар” үйірмесі мүшелерінің ұстаз туралы жүрекжарды жазбалары jasqazaq.kz сайтында жарық көрді

Ұстаз мәңгі есім

…Кім боласың?
Ұмтылмаңыз жоғары,
Мұғалімнен үлкен адам жоқ әлі!
Кім болмаңыз, прокурор ма, сотсыз ба?
Тұрыңыздар, келе жатыр мұғалім!!!
Үмбетбай Уайдин
Мұғалім жайлы ойласам, терең де, тұңғиық ойға шомып кетем. Ұстаз деген мейірімді, адамгершілігі мол, білім мен ғылым үйретуге себепші болатын жан. Мұғалімнің бізге деген сезімі, күш-қуат беретін отты сөздері, жүрегімізге шапағат нұрын сеуіп, алға жетелейді. Әрі бұл мамандық толықтай жауапкершілікті талап етеді. Себебі, әр балаға сапалы білім беріп үйретуге, зор шыдамдылық пен мол төзімділік кетеді. «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға қазақ жанына үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады.», — дейді Мағжан Жұмабай. Яғни, бұл ұлы сөзден түсінетініміз, ұстаз мектептің жүрегі. Сол жұдырықтай жүрек қалай соқса, қан тамырлары да солай қозғалыста болады. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытудағы ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Қиын да маңызды міндеттерді жүзеге асыра алатын, тек ұлағатты ұстаз. Үш жүздің басын қосқан, дара да, дана Абылай хан: Білекке сенген заманда, Ешкімге есе бермедік. Білімге сенер заманда, Қапы қалып жүрмелік».-дейді. Қазір жаһандану заманында әр нәрсені білім арқылы шешуге болады. Міне, білімге сенген заман туды. Осы заманда ғылым үйрену үшін ұстаздарымыздың қадір-қасиетіне жетуіміз қажет. Менің түсінігімде ұстаз – рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен та­бандылықтың үлгісін көрсетуші ізгілікті жан. Мұғалім деген ат-қасиетті ат. «Мұғалім деген аттан таза еңбекті сүйетін мамандық иесі деген сөзді ұғынады. Елдің надандығымен алысатын адам мұғалім.» — деген еді Сәбит Мұқанов айтқандай. Келешек ұрпақ алдында зор еңбек пен бейнетті арқалап жүрген ұстаздарымызға мың алғыс. Кім болсақ та, ешқашан мұғалімнен жоғары бола алмаймыз. Себебі мұғалімнен үлкен адам жоқ әлі…

Шыңғыс Ерболұлы, Абай атындағы РММИ-дың оқушысы, «Ділмар» үйірмесінің мүшесі
Мәлімет көзі: https://jasqazaq.kz/2020/05/02/ystaz-mangi-esim/

Ұстаз ұлағаты

Анамды сағынып, терезеге телміріп отырмын. Анам күйбең тірліктен шаршап, өңі бозарып, ауруханаға түсіпті, оны ойлаған сайын қараңғылықта қалғандай сезіндім. Түпсіз қиял, терең ой мені иіріміне тартып әкетті. Я, менің де анам — ұстаз. Ол әрдайым оқушыларына мейіріммен қарайтын, уақыты босаса бізге де көңіл бөлетін. Кенет өз-өзіме «ұстаз деген кім» деп сұрақ қойдым. Меніңше, «өмірдің өзі ұстаз». Бір анығы, менің қателескен кезім көп, асықпай қадам бассам да, шалынып қалатынмын. Содан бе екен жақындарыма барынша қамқор болуға тырысамын. Былай қарасақ, ұстаз кез-келгеннің қолынан келе бермейтіні анық. Өйткені, ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі. Ұстаздың лаулаған жалыны — әр жүрекке жылу сеуіп, нұр құятын қуаттың, өмірдің қайнар көзі. Тіршіліктегі шырақтың сөнбес ошағы. Менің ойымша, әрбір шәкірттің өзі сүйген, жылдар бойы тәлім алған ұстазының аяулы бейнесінің жүрек түбінде сақталуы заңдылық шығар. Менің есімде мәңгілік қалатын ұстаз — Жанар апайым. Апайым әрдайым еңбек пен қажырлықты мақсат етеді. Бауыржан Момышұлы атамыз: «ұстаздық — ұлық емес, ұлы қызмет» деп қалай ғана дөп басып айтқан?! Ал мен Жанар апайымды тек мұғалім ретінде ғана емес, жақын адамым деп қабылдаймын. Апайдың қазақ тіліне деген құрметі соншалық, тобымызда кім орысша сөйлесе, соны жазалайтын. Осылайша, Дарынға келгеннен бастап қазақ тіліне деген құрметім күшейе түсті. Демек, ұстазымның ұлы қасиетін неге ғана бойыма сіңірмеске?! «Қазақтың қаны бір, жаны бір жол басшысы – мұғалім. Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі», — деген еді қазақтың кемеңгер ақыны Мағжан Жұмабаев. Ал менің атам да, анам да ұстаздық қасиетін өзгеге ғана емес, бізге де көрсете білді. Атам болса: «осы қызды оқытыңдар, сендерді асырайды, адамның киіміне емес, ішкі жан дүниесіне мән бер» дейтін еді. «Дарынға» келгенде сол ұстанымды өз өмірімде қолдана білдім. *Рақмет менің өмірлік ұстаздарым!!!

Ләззат Бақытжанқызы, Абай атындағы РММИ-дың оқушысы, «Ділмар» үйірмесінің мүшесі
Мәлімет көзі: https://jasqazaq.kz/2020/05/02/ystaz-ylagaty/

Ұлылар

Өңген, өскен ұстаздықтың сырымен,
Ғаламдағы мұнаралы әр төбе.
Алар орны бөлек оның шынымен,
Жетер жетпес болған әйгі мәртебе.
Бағыт берген, өздері олар — бағдаршам.
Қоғамнан да көрмеген еш қалып тыс.
Мұқият бір ойланғанда, аңғарсаң,
Мұғалімдер — мұхит сынды алып күш.
Ізгіліктің нұры тұрар көзінде,
Әрбір сөзі дертке-дауа, жанға-азық.
Бауекең де айтып кеткен кезінде,
Ұлық емес, ұлы қызмет-ұстаздық.
Керек екен ниет және келісім,
Құрметтеуге ұстаздарды қарасақ.
Тәлімімен әр ұстаздың ел үшін,
Басталады айқын, анық болашақ!
Деген екен қазақ атам ежелден,
Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт.
Келе жатқан өтіп көркем кезеңнен,
Ұстаздарым — асыл бағым, нағыз құт.
Оқушылар дәрісіңді құп қылған,
Тұтанады сен арқылы кей жалын.
Ұлылықтың ұлағатын ұқтырған,
Мұғалімдер құтты болсын мейрамың!

Жалғас Серікболұлы, Абай атындағы РММИ-дің оқушысы, «Ділмар» үйірмесінің мүшесі
Мәлімет көзі: https://jasqazaq.kz/2020/05/02/ylylar/

 

 

Меню