Жаңалықтар

Ата-ана мен бала арасындағы әдептілік

 Жадыңда сақта!

           Сен әуелі ата-анаңды құрметтеп, олардың қас-қабағына қара. Оларды шын пейіліңмен сүйе біл, сыйла, тіл қайтарма, ренжітпе. Атаң қорғаның, анаң қазынаң екенін жадыңнан шығарма. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген халықтық нақылдан өнеге ал.

Құранда: «Ата-анаңа «уф» деп те күрсінбе» делінген. Осыны өмірлік қағидаңа айналдыр. Олар сені кішкентайыңда мәпелесе, енді сен де оларды үлкейгенде мәпеле, аяла. Ата-анаң саған риза болмай, қарыздарынан құтыла алмайсың.

Ата-анаңның абыройы, ары, намысы үшін күрес. Олардың атына кір келтірме. Сенің жасаған әрбір жаман қылығың әке-шешеңе күйедей болып жұғады. Ендеше, сенің дұрыс жүріп, дұрыс тұруың – ата-анаңды сыйлағаның, құрметтегенің.

Ата-анаң сені кінәлаған кезде өз қателігіңді не болмаса мінез-құлқыңдағы кемшілігіңді мойындаудан қашпа.  Өз дегенімді болдырамын деме және сөйлеген сөздерің мен қимылдарың әдептіліктен асып кетпесін.

Ата-анаңа мейірімді болғандай, перзенттеріңе де мейірімді бол, оларды алақаныңа салып өсір. Ұл баланы қадірлеп, азамат ет. Қыз баланың көңілін жықпай, оған айрықша қамқорлық жасап, ардақтай біл.

Перзентіңді жан-жақты етіп өсір. Ата-баба тәрбиесін қанына сіңіріп есейт. Ұлың – он саусағынан өнер тамған сегіз қырлы, бір сырлы болып ержетсін. Қызың – он саусағы майысқан шебер болып бойжетсін.  Олардың адам қатарына қосылуы – сенің мойныңдағы жүк, аманат.

Балаларың қызықты өмір сүрсін десең, оларды біліммен сусындат, оқыт. Оларды терең білім алуға, өмірдің кілті – ғылымды үйренуге құштар ет. Өзінен білімді, ақыл айтатын, кеңес беретін, үлгі-өнеге көрсететін, әр уақытта қол ұшын беретін, ұят-ибасы бар қайырымды жандармен араластыр.

Сондай-ақ, балаларыңызды ата тегін, ел тарихын, шежіресін білетін халықжанды, елді қадірлейтін елжанды, туған жерді қастерлейтін жержанды, ұлтын сүйетін ұлтжанды етіп тәрбиелеп шығар.

 

Меню