Жаңалықтар

Әдептілік әліппесі

Жадыңда сақта!

Адамның қасиеттері саналатын ізгілік, шешендік, мейірімділік, сыпайылық пен көпшілікке үйірсектік сияқты мінездерді бойыңа сіңіре біл. Байлығың мен керуенің болмаса да, не өзгеге бөліп беретін қазынаңның жоқтығына қарамай, адамдарға жылы лебіз айтып, жақсы ниеттеріңмен жарылқа, рухани кедейлікке ұрына көрме.

«Жақсы сөз – жарым ырыс» дегенді әрқашанда ұмытпа. Ізгілік әсемдігін меңгерген адам әрқашанда ар-ұяттың, әділдік пен жақсылықтың қамқоршысы болады. Өмірдегі азғын да арсыз, бұзық та жексұрын адамдарға қарағанда, жақсылық жаршысы бола білген адамдар халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, өзгенің құрметіне және сыйына ие болады.

Өзіңнің қысқа ғұмырың мен тағдырыңа риза бол. Өйткені, сол өміріңдегі материалдық игілігің мен рухани тіршілігіңнің көздері, бұлақтары өзіңе қанағат пен қуаныш әкеліп, абыройыңның сүттен ақ, судан таза болуына жол ашады.

Өмірге риза, онымен келісімде болу үшін табиғатқа адам болып келгеніңнің өзі-ақ жеткілікті. Адамның өз жанымен үйлесімді болуы –   баға жетпес қазына екенін ұмытпа!

Өміріңнің мазмұнын әдептілік қағидаларын меңгеруге бағыттай біл. біреуден күдіктеніп, осыдан зиян келуі мүмкін-ау десең, оның көмегіне де, достасуына да сенбе. Жақсылық күтпе. Онымен байланыс жасап, әңгімелесуге тырыспа.

Ақылсыздар мен надандардың достығына, олардың адалдығына сене көрме. Менмен әрі тәкаппар адамдармен сөйлеспе. Өмірлерінің мәнін өтірік пен екіжүзділікке бұрып, үміттерін сағымға қуғандарға сырыңды ашпа, үмітің мен арманыңды айтпа.

Сонымен бірге, өз ерекшелігіңді сақтай да, ардақтай да біл. Оған нұқсан келтіргісі келетіндерге қаймықпай қарсы тұра біл. Мұндай істе жұрт алдында кішіпейілді, жағымды болуға міндеттісің. Мұндай қасиет ақылды да көреген адамдарға тән, бұған әдеттенгендер әрқашан да ізгі, ақниетті деп есептеледі.

ӘДЕПТІЛІКТІҢ МАҢЫЗЫ

Жадыңда сақта!

Өзіңді өмірдің қуаныштарынан және сый-сияпатынан айырмау үшін жоғалтқаныңды ойлап, уайым-қайғыға салынба, босқа қасірет шекпе. Мұндай жағдайда сен танып-білуге және алдыңа қойған мақсатыңа жетуге қажетті қуат-күшіңді әлсіретіп аласың.

Пифагордың айтқанына сүйенсек, екі түрлі іс-әрекеттен адамның бейшаралығы және дәрменсіздігі байқалады: біріншісі – пайдасыз іс жасау және ол туралы көп әңгімелесу. Екіншісі – өзінен сұрамаған іс жайлы көп әңгіме шерту. Егер шешеннің сөйлеген сөзі алтын болса, онда үнсіздік – інжуге орнатылған лағыл.

Егер алдап түсіру үшін құрылған торды көріп тұрып, оны болдырмауға тырыспасаң, сен алдауға қатысушы әрі сатқын болып есептелесің.

Сені адамдар арасында жала жапқыш, өсекші, шағыстырғыш, бейпіл ауыз және жылпос ретінде танытуы мүмкін іс-әрекеттен жалтарып, бойыңды аулақ ұста.

Істі шешу кезінде ешқашан алдап-арбау мен қулыққа барма. Бұл кесірлі қасиеттерді адамдармен араласудың, өзіңнің тілегің мен талабыңды қанағаттандырудың, мақсатыңа жетудің құралына айналдырма. Өмірлік көзқарас: «Өтірік деген нәрсе үмітке деген сенімді өлтіреді», – дейді. Бұл – жоққа шығарыла алмайтын қағида. Ендеше, өтіріктен аулақ бол..

Сенің алға қойған мақсаттарыңа жетуңе кедергі келтіретін ең қауіпті дұшпандарың: арақ, темекі, есірткі. Бұлармен өміріңнің ешбір кезеңінде дос болма.

Жиындарға қатысушылардың, ғалымдардың және білгір, зерделі азаматтардың арасындағы өзіңнің орныңды және шамаңды біл. Мәжіліске қатысушылардың арасындағы өз орныңды белгілеген кезде әділеттілік, теңдік және кішіпейілділік тәртібін сақта. Басқаға лайық орынға көз тігіп әуре болма.

Ақылыңның күшінен және қарапайым пайымдауыңнан сенің барлық істеріңнің сұлулығы, олардан ашық та орасан зор пайдасы байқалып тұрады.

ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ЕРЕЖЕЛЕРІ

Жадыңда сақта!

Біреуге көмектесіп, жақсылық істеген болсаң, еш уақытта, тіпті, жылдар өткен соң да, оған ойыңды бұрмалама, оны есіне салма. Бұл – адамның ең қасиетті, қастерлі мінезі.

Әлде біреуге жабысып, мазасын алатын ызыңнан аулақ бол. Кейбір қиналған сәтіңде өзіңе көмектескен адамға реті келгенде сен де қол ұшын беруге әзір бол. Бірақ сақ бол, абайла, сенің бұл ісіңнің оның өткендегі жақсылығын өтеу екендігін сездірме.

Адамның ойы таласпен, қарсы пікір айтумен бірге жүреді. Сондықтан байсалды болып, көп күшке түссе де, көңіл-күйіңді орнықты ұстауға тырыс. Сенің іс-әрекетің, қылығың әрқашан заңға негізделіп, ізгілікке, әділдікке сай келетін болсын.

Қателік жасап, кінәлі болғандармен сөйлескенде, олардың жауыздығы мен дұшпандығынан абай бол. Қарсыласыңмен ізгі ниетпен сөйлес. Олардың жан айқайы мен тілектерін тыңда, жәрдем беруге, өтініштерін орындауға әзір бол.

Сен оларға деген өшпенділігіңді ауыздықтай біл. Олардың жақсы ниетке ауысуына жағдай туғыз, сенің пікірлеріңді ризалықпен қабылдайтындай болсын, олармен жақсы қатынасыңды әдетке айналдыр.

Достық деген жарылқап тастаудан емес, жақын, шынайы, таза қарым-қатынастардан туады. Адамдардың достығы бәрінен бұрын үлкен қауіп-қатер мен ұлы шығындардан адамдарды құтқару үшін қажет.

Өзіңнің жаныңды қайырымды әрі игі істер жасауға бейімде және ізгі істер жасауыңа кедергі келтіретін барлық келеңсіз жайттарды жеңе біл.

Кісімен сөйлескен кезде оның көзіне тік қарап, айтайын дегенін сабырмен тыңдап, асықпай, сөзінің аяғын күт. Пікірталасқа түсе қалсаң, салмақтылық танытып, шындыққа жанасатын дәлелдермен қарулан.

Өзіңді ренжіткен адамға қатты соққы берме, жұмсақтылық көрсет. Осындай кездің өзінде өзіңді еркін ұстап, сыпайылық сақта. Әркеттеріңнің артын ушығып кететіндей жағдайға жеткізбеуге тырыс.

Жауыздыққа қарсы шара қолдану қажеттігі туа қалса, уақыт оздырма. Бұл шараларды жүзеге асыруда тапқырлық пен біліктілік таныт.

ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ӘДЕПТІЛІК КӨЗІ

Жадыңда сақта!

Өмірдің осыншама ауыртпалығында оның жақсылығы мен жамандық жақтары болатындығын ұмытпа. Көкірегіңде қаншама қайғы болса да, ешқашан ашынып, үмітсіздікке бойұсынба.

Сен дұрыстыққа, жақсылыққа қолжеткізгеніңе сен, одан үміт үзбе. Үмітсіздік пен торығу, Құранда айтылғандай, өзіңе қол жұмсаумен бірдей.

Жан дүниеңде бас көтерген ашу-ызамен күресіп, оны тұншықтырып таста. Себебі ашу мен ыза – сенің үлкен әрі күшті жауың.

Өмірдегі барлық іс-әрекетіңнің көмекшісін «Өзімнің көңіл-күйім», «Өзімнің жан дүнием» деп сана. Бұл қасиетің үмітсіздікті жеңілдетіп, міндетті түрде саған көмектеседі және жігерлендіріп, сені алға сүйрейді де.

Осылайша сен әрдайым қиындық пен бақытсыздықтан құтылып шыға аласың. Кейбір жағдайда қолдан кеткен байлық пен жағдайға садақа де, жоғалғанға ешқашан өкінбе.

Күншілдіктен сақтана гөр, оны өз бойыңа еш жолата көрме. Сәл ғана қателіктің салдарынан болатын адам баласының ең бір өкінішті әрі өрескел кесірі – оның күншілдіктің тұтқыны болуы.

Адамның осы ақауы басқа да оңбағандықтарды бойыңа қарсы жинап, оны әдетіңе айналдыруы әбден ықтимал. Сол кезде бұл жексұрын мінезден құтыла алмауың ғажап емес. Кейін бұл оңбаған қасиет сенің әдепсіз тәртібің мен өрескел қылықтарыңды тудырары сөзсіз.

Өзіңнің ар-намысың мен қадіріңді сақтай біл. ал бұл қасиеттерді жоғалту – өзгелердің саған деген қарғысын, дұшпандығын және жаулық сезімін тудырады.

Арыңды жоғалту – өзіңді-өзің өлтірумен бірдей. Арыңды сақтап, жаман әдет-қылықтан аулақ жүр, таза бол. Ұсақ та шағын іс-әрекеттер үлкен де ұлы істерге негіз болады. Осылардың барлығы сенің зор ынтаң мен талпынысыңның нәтижесінде келеді және үмітің сөзсіз орындалады.

Ешкім, тіпті, әулие адам да жұртшылықтың өсек сөзінен аман қала алмайды. Егер әлдекім әлдебір үлкен істе басқалардан көп еңбектенсе, оны дәстүрлі тәртіптің бұзушысы ретінде айыптайды. Сен оған назар аударма.

ӘДЕПТІЛІК ТАҒЫЛЫМЫ

Жадыңда сақта!

Бойыңнан жаманшылыққа орын берме, жан тазалығы мен тән тазалығын сақта. Өзің ешкімді қорлама, өзіңді ешкімге қорлатпа.

Мақтаншақтық пен көпірме көпсөзділік адамның жан дүниесін улап, оны жақсы қасиеттерден жұрдай етеді. Мықты адам аз сөйлеп, көп іс тындырады.

Ең бастысы өзіңді-өзің алдама. Әйтпесе, бірте-бірте басқаларды да алдауға етің тез өліп кетеді. Өтірікпен өрге басып байимын, өркендеймін деп ойлама. Өтіріктің соңы өкінішпен аяқталады.

Өзіңнің кемшіліктерің мен әлсіз тұстарыңды өзіңнен жасырудың пайдасы аз. Сондықтан өзіңе-өзің ащы шындықты мойындатуға тырыс. Өйткені, өзін-өзі алдап үйренген адам арын таза ұстай алмайды.

Есіңде болсын, ойламаған жерден бас айналдырарлықтай бақ қонып, жолым болып кетер деп сену – бос далбаса. Әлдебір қолдаушы күштерге сенуден бас тартып, тек өзіңе, өз күшіңе ғана үміт арт. Адамды бақытсыз ететін нәрсе – ерік-жігерінің әлсіздігі мен тәуекелсіздігі.

Күтпеген жерден келетін кездейсоқ бақытқа сенбе. Жоқ нәрсеге дәмеленіп, алтын уақытты босқа өткізгенше, сол бақыт ауылын өзің іздеп тап.

Қолға алған ісіңді тоқтатпа. Бүгін бітіруге болатын шаруаны ешқашан ертеңге қалдырма. Кез келген істі тоқтату немесе сылбырлыққа салыну саған тек қана зиянын тигізеді. Сен үшін әр кезде ең басты іс – ол дәл қазір қолға алған шаруа болуға тиіс. Өзіңе қорқынышты, түбінде түк шықпайтын үмітсіз іспен айналыспа.

Жаманшылық келмей, жақсылықтың қадірін біл. адамның мінез-құлқын, оның шын мәнінде қандай екенін бақытсыздыққа тап болып, басына іс түскенде анық байқауға болады. Кемеңгер адам тағдырдың салған салмағын нық тұрып көтере алады. Әрі ғылымға, өнерге, мейірімді істерге деген сүйіспеншілігін жоғалтпайды.

Бойыңды үрей мен қорқыныштан таза ұста. Кішкентай ғана бақытсыздық адамды қажытып жіберуі мүмкін. Бірақ, шын мәнінде, адамды қажытатын әлгі кішкентай бақытсыздық емес, адамның өз ішіндегі үлкен үрейі мен қорқынышы.

Сен басыңа төнген бақытсыздықтан соң адал, мейірімді, жан дүниесі таза адамға айналсаң, басыңа түскен қасіретке де қуана білуің керек. Өйткені, бұл қасірет сенің өз басыңа үлкен пайда әкелді ғой.

ӘДЕПТІЛІК ТӘРБИЕСІ

Жадыңда сақта!

Ақылды бол және ақылыңды дұрыс пайдалан. Бақытты болудың басты құпияларының бірі – ұсақ-түйекке бола налымай, ақыл-ойы мен адал еңбегінің жемісін дұрыс пайдалана білу. Ақылды адам істі ойдың нәріне, сөздің мәніне қарап бағалайды.

Істеген істеріңе есеп бер. Өзіңнің іс-әрекетіңнің қаншалықты дұрыс-бұрыстығына көз жеткізгің келсе, оны өзіңнен ақыл-есі төмен емес, қатарластардан немесе өзіңнен жоғарыдағылардан сұра.

Көпті көрген даналардан ақыл ал. Өзінің ақылы шолақтығын мойындайтын адам ақылды адамнан көп нәрсе үйреніп, ақылы толысуы мүмкін. Ал өзін дүниедегі ең ақылды санайтын ақымақ адамға ешқашан ақыл кірмейді.

Ақылды және адамгершілігің мол болса, өзіңнің пендешілік нәпсіңді тыя аласың. Сен өзіңнің осы деңгейіңе шүкіршілік ете отырып, әрбір істен өзіңе сабақ боларлық тағылым іздеуге тиіссің.

Сен әрдайым әр нәрсені үйреніп алуға тырыс. Өйткені ақылды адам – ақыл айтқан адам емес, ақылды адам – білмегенін білуге ұмтылған адам.

Жанжалдан, ұрыс-керістен бойыңды аулақ ұста. Өйткені жанжалдасу екі жаққа да береке әкелмейді. Ойланбай және орынсыз айтылған мақтау да, даттау да қауіпті. Кейде пікірталастың өзі ұрыс-керіске айналады. Себебі, әркім өзінікін растауға тырысады және дөрекі мінез-құлқымен бір-бірінің ашу-ызысын оятады.

Әрбір сөзіңе есеп беріп, сақтықпен сөйле. Өзіңе белгілі әңгімені ғана айту керек. Орнымен сөйленген бір ауыз сөз кісіні құрметке бөлейді, орынсыз айтылған сөз жеккөрінішті етеді.

Өзгенің қатесін түзеп, ақыл айтпастан бұрын, өз-өзіңді аяусыз сынап, дұшпаның мін таға алмайтындай болуға ұмтыл. Кімде-кім адал болып, жақындарын жауықтырмаса, ол адамның ары таза болғаны.

Қарапайым, бірқалыпты еңбектен қол үзбей өмір сүр. Бұл адамға күш береді және адам ұзақ жасайтын болады. Сондай-ақ, өзіңе жақын адамдардан, және айналаңдағылардан пайдалы іспен айналысуларын талап ет.

ӘДЕПТІЛІК ҚАСИЕТТЕРІ

Жадыңда сақта!

Таза, сау дене мен орасан зор еңбекке негізделген қанағатшылдық, көрегенділік – адам еркіндігінің белгісі. Ешбір істе абыржыма және үмітсіздікке салынба. Егер бүтін жағымсыз, арам істерге жол берсең, онда ертең үлкен жауыздықпен күресуіңе тура келеді.

Төзімділікті, кішіпейілділікті, қарапайымдылықты, салмақтылықты және рух беріктігін өзіңнің ішкі әлеміңнің қасиеті мен әдетіне айналдыр. Бұлар бар болған жерде ашу-ыза сенің ақыл-есің мен санаңды бағындыра алмайды. Сені жағымсыз істер мен қылмыстарға бастайтын долылықтан сақтан.

Шыдамсыздық және асығыстықпен өміріңді бүлдірме. Егер әлдекім сенің сүйеуің мен ықыласыңа ынтық болса, ешқашан ешқандай іс-әрекетіңмен оның көңіл-күйін бұзба және ренжітпе.

Қайырымды, мейірімді, кеңпейілді, қанағатшыл, ынсапты бол. «Кең адамның күніне бір үйі кеңиді, тар адамның күніне бір үйі кемиді» деген бар. Ендеше кең болуға тырыс.

«Ұлық болсаң, кішік бол» дейді халық. «Жоқпын», «жарлымын» деп жасыма, біреуден тіленбе. Жаныңды салып, аянбай, жалықпай еңбек ет. Өйткені жалқаулық адамды жарлы етеді.

Өз еңбегіңмен тапқан мүлкіңе жаның ашысын. Еңбегіңді қадірле, мал-мүлкіңді көзіңнің қарашығындай сақтай біл. оны тек игілікті іске ғана жұмса.

Біреуге істеген жақсылығың да, жамандығың да өз алдыңнан шығады. Көрген жақсылығыңды ұмытпа, оның қарымын қайтар, көрген жамандығыңды ойыңнан шығар.

Ұят пен инабаттылық қасиеттеріңді сақта. Қара қылды қақ жаратын әділдікті жақта, жұртты алалама. Адалдық – ең асыл қасиет, одан айнымасаң абыройлы боласың. Айтқан лебізіңді жұтпа, берген уәдеңнен тайма, жасаған мәмілеңді бұзба, сонда адамгершілік бағаң артады.

Кімге болса да жақсы лебізіңді айтып, жақсы ниетіңді білдір. Қандай жағдайда да сабырлы бол. Қиыншылыққа төзе біл, шыдамды бол. «Болдым», «толдым» деп асқақтама, оған да тосқауыл бар.

Өз басыңды өзің қадірле, өзіңді өзің тәрбиеле. Жақсы мен жаманды айыра біл. Адамның бірінші байлығы – өз денсаулығыңды сақтай біл.

Егер сен осы уақытқа дейін өміріңнің ең жақын сәттерін, денсаулығыңды, күш-қуатыңды әр түрлі жамандық істермен шұғылданумен жоғалтып келген болсаң, осы жерде кілт тоқта. «Ештен кеш жақсы», алда әлі өмір бар.

ӘДЕПТІЛІК ҰСТАНЫМДАРЫ

Жадыңда сақта!

Өмірдегі өз икеміңді, талантыңды тап. Әр адамның бойында бір нәрсеге ерекше икем, талант болады. Егер сен соны дұрыс дамыта білсең, бақытыңды тапқаның.

Бақытты болу, бақытсыздыққа ұшырау дегенді адам өзі жасайды. Сондықтан қолға қандай іс алған болсаң, табысқа жетемін деген сенімде бол.

Ақшасынан, жақын адамынан айрылу деген сияқты бақытсыздық екінің бірінің басына келуі мүмкін, ал ақыл-ойынан, табиғатқа деген сүйіспеншілігінен, өз басының қадір-қасиетінен айырылған адам – дүниедегі ең бақытсыз адам.

Сыртыңа біткен байлықта байлау жоқ, бір күн кедейленіп, қор боласың да қаласың. Шектен тыс байлық адамды еріншектікке, әлжуаздыққа ұрындырады, ондай адам аз өмір сүреді. Бірақ, жас әрі дені сау адамға кедей өмір сүру ұят. Сенің материалдық дүниедегі кедейлігің жан дүниеңнің кедейлігінен туындайтынын біл.

Егер арың таза, көңілің жай болмаса, байлықтың да, биліктің де, тіпті, денсаулықтың да бір тиындық құны болмайды. Өйткені бақ-берекенің түп қазығы – осылар.

АТА-АНА МЕН БАЛА АРАСЫНДАҒЫ ӘДЕПТІЛІК

Жадыңда сақта!

Сен әуелі ата-анаңды құрметтеп, олардың қас-қабағына қара. Оларды шын пейіліңмен сүйе біл, сыйла, тіл қайтарма, ренжітпе. Атаң қорғаның, анаң қазынаң екенін жадыңнан шығарма. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген халықтық нақылдан өнеге ал.

Құранда: «Ата-анаңа «уф» деп те күрсінбе» делінген. Осыны өмірлік қағидаңа айналдыр. Олар сені кішкентайыңда мәпелесе, енді сен де оларды үлкейгенде мәпеле, аяла. Ата-анаң саған риза болмай, қарыздарынан құтыла алмайсың.

Ата-анаңның абыройы, ары, намысы үшін күрес. Олардың атына кір келтірме. Сенің жасаған әрбір жаман қылығың әке-шешеңе күйедей болып жұғады. Ендеше, сенің дұрыс жүріп, дұрыс тұруың – ата-анаңды сыйлағаның, құрметтегенің.

Ата-анаң сені кінәлаған кезде өз қателігіңді не болмаса мінез-құлқыңдағы кемшілігіңді мойындаудан қашпа.  Өз дегенімді болдырамын деме және сөйлеген сөздерің мен қимылдарың әдептіліктен асып кетпесін.

Ата-анаңа мейірімді болғандай, перзенттеріңе де мейірімді бол, оларды алақаныңа салып өсір. Ұл баланы қадірлеп, азамат ет. Қыз баланың көңілін жықпай, оған айрықша қамқорлық жасап, ардақтай біл.

Перзентіңді жан-жақты етіп өсір. Ата-баба тәрбиесін қанына сіңіріп есейт. Ұлың – он саусағынан өнер тамған сегіз қырлы, бір сырлы болып ержетсін. Қызың – он саусағы майысқан шебер болып бойжетсін.  Олардың адам қатарына қосылуы – сенің мойныңдағы жүк, аманат.

Балаларың қызықты өмір сүрсін десең, оларды біліммен сусындат, оқыт. Оларды терең білім алуға, өмірдің кілті – ғылымды үйренуге құштар ет. Өзінен білімді, ақыл айтатын, кеңес беретін, үлгі-өнеге көрсететін, әр уақытта қол ұшын беретін, ұят-ибасы бар қайырымды жандармен араластыр.

Сондай-ақ, балаларыңызды ата тегін, ел тарихын, шежіресін білетін халықжанды, елді қадірлейтін елжанды, туған жерді қастерлейтін жержанды, ұлтын сүйетін ұлтжанды етіп тәрбиелеп шығар.

МҰҒАЛІМ МЕН ОҚУШЫ АРАСЫНДАҒЫ ӘДЕПТІЛІК

Жадыңда сақта!

Дана да көреген ұстаздарыңды сүйе біл, әрдайым оларды сыйлап жүр. Дарытқан білімі, көрсеткен өнегесі, берген тәлім-тәрбиесі және ақыл-кеңестері үшін оларға мың да бір алғыс айтсаң да аз келеді. Өйткені ұстаз еңбегі – баға жетпес қазына.

Сәті түсе қалса болды, ұстаздармен бірге болып, сұхбаттасып, өмір жолдарынан, тірліктерінен үлгі алуды өмірлік міндетім деп біл! Өйткені олардың ғұмыры ақиқат пен беріктікке негізделген, ал алған бағыттары – әділет пен айнымастық жолы.

Егер тәлімгерің сені әлдене үшін айыптаса, мұны пайдалы кеңес деп біл. Егер ол сені ақиқат пен әділетке қарсы келетін іс-әрекеттен сақтандырса, оны ұлы тілекшің мен иманды тәлімгерің деп сана да, ешқашан оған ұнатпаушылықтың көлеңкесін көрсетпе.

Ұстаздар тыйым салған, күмәнді, шүбәлі және өзің білмейтін істердің бәрінен сақтан. Сонымен қатар, танып-білуден бастартпа. Адам тағдырының абыройлылығы мен баға жетпес құндылығы оның қайырлы істері мен білім дамытуымен айқындалады.

Білім – ержүрек батырдың тәжі мен даналықтың алтын алқасы. Уақыт оның орнына, ұстазыңа айналмас үшін, саған өнегелі тәрбие беретін тәлімгер ауадай қажет.

Адам өзіне қажетті құнды білім мен өнерді және мінез-құлықты өзін қоршаған ортаны асықпай зерттеп, бақылау арқылы ғана ала алады. Көп ізденгеннен, білімділіктен ақыл-ой тойынып қалмайды.

Ұстаздармен, ғылым қуған білімді адамдармен достасып әңгімелесуге, пікірталастыруға және осындай бақытқа жетуге еңбегіңді аяма.

Ұстаздарды пір тұт, қадірле, қастерле. Саған анаңдай жақын, туғаныңдай ыстық жан – ұстазың. Сені өмірдің кетігіне кірпіш етіп қалаған, өміріңе бағыт-бағдар берген, ғұмырыңды әдептілікпен әспеттеген, білім нәрімен сусындаттырған, тәрбиесін дарытқан да ұстазың екенін ұмытпа.

Ендеше, есіңде болсын, мұндай ардақты жанды тек мектеп қабырғасында ғана емес, ғұмыр бойы ардақтап өтуге тиіссің.

ЖАЛПЫМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАҒЫ СӘЛЕМДЕСУ ӘДЕПТІЛІГІ

Жадыңда сақта!

Елге, жұртқа қадірлі болам десең, әуелі сәлемің түзу болсын. Сәлемі бар адам кісіге жақын келеді, халық та оны асқақ тұтады.

Сенің жылы лебізің айналаңа қуаныш әкеледі. Өз ортаңды осы бір жылы лебізіңмен желпіп өт, мейіріміңмен шуақтандыр. Ол үшін сәлеміңнен айныма.

Сөздің анасын құрметте, оны қастерлей біл. Ауыздан шығатын бір ғана осы киелі сөздің қалған барлық қарым-қатыныстарды өзіне тәуелді ететінін жете түсін. Сондықтан да сол бір сөзді ешкімнен аяй көрме.

Әдептілікті, адамгершілікті, игілікті, жақсылықты өміріңе арқау ет. Инабатты ғұмыр кешу сенің адамдық борышың болуға тиіс. Адам болып өмірге келген екенсің, адамға лайық ибамен өмір сүр. Ал әдеп-инабаттылықтың бастауы сәлем екенін ұмытпа.

Ата-бабаларымыздың халықтық тұрмыс-тіршілігі сенің күнделікті тұрмыс-тіршілігіңде көрініс табуы керек. Халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптарымен әспеттелген тұрмыс адамға рухани байлық, құт-береке әкеледі. Есігінен «Ассалаумағалейкум» деп кірілген үй оның халықтық тұрмысын айғақтайды.

Сен жырақта жүргенде өзіңе ыстық жанды сағынарың хақ. Сонда сенің бұл сағынышыңды басар бір ғана сәлем болмақ. Сен оған сәлем жолдайсың, ол да «саламат болсын» дейді. Осылайша сәлем арқылы екеуіңнің мауқыларың басылып, көңілдерің көтеріледі. Ендеше, әрдайым сәлемің қасыңда болсын.

Сәлем сенің нақ жүрегіңнің түкпірінен шығуы керек. Өйткені шынайы шын пейілді достықты адал қарым-қатынас тудырады. Не нәрсенің болсын аты затына сай болуға тиіс. Дәл солай берген сәлемің оның киелі, қасиетті ұғымына сай болсын.

Сенің сәлемің жарасымдылық пен татуластық символы болуы қажет. Сәлем беріп өте шығуың немесе сәлем берген болып көрінуің әдептіліктен еш  сыйыспайды. Сен өз ілтипатыңды қарсыңдағы кісіге білдіріп, онымен татуласу үшін, арада жарасымдылық орнату үшін сәлем беретініңді естен шығарма.

Сенің берген сәлемің – ол сенің айнаң. Сенің қандай адам екеніңді осы айнаң, яғни, өзіңнің сәлемің көрсетіп тұрады. Олай болса, өзіңді жаман көрсетпе, жақсы көрінуге тырыс.

Сен мәдениетті болуға тиіссің. Сенің мәдениетің ең бірінші кезекте сәлеміңмен өлшенеді. Сондай-ақ, мәдениеттілікте ізгілік, әдептілік, инабаттылық, имандылық және адамгершілік қоса бар. Бұларсыз мәдениетті бола алмайсың. Ал, бұның бәрі сәлемсіз өрге баспайды.

Мектеп-интернат  оқушыларының жалпы  қауіпсіздік сақтау  ережелері

– Интернатта, мектепте, аулада, мектептен  тыс жерлерде жүргенде  келтіретін  ауыр, үшкір т.б.заттарды   бір-біріне  лақтырып  ойнамауға;

– Ашық  тұрған  электр  желілерін  байқаған  жағдайда  тиісті  кісілерге  ескертуге;

– Қай жерде  болмасын  терезе  алдына  шықпауға, өрт  сөндіруге  өолданылатын  баспалдақтарды  себепсіз  пайдаланбауға, қабаттарға  көтерілетін  қорғаныш  жақтауларына  сырғанап  ойнамауға;

– Балконнан-балконға  өрмелеп  шықпауға  және  бірін-бірі орынсыз  итеріп  ойнамауға;

– Сабаққа және  дайындық сабағына  кетерде  бөлмелерінің  және  сынып  кабинет  терезелерін  жауып, су, электр жүйелерінің  сөндірілгенін  мұқият қарауға;

– Электр  жүйесіне  қосылатын  заттарды (үтік, шаш бұйралайтын, кептіретін  электр  бұйымдары, ұялы телефонды  зарядтайтын  электр желілері) дұрыс  қолдана  білуге іске  жарамсыз электр жабдықтарын  бөлмеде  ұстамауға;

– Интернат  бөлмесінде  шай  құятын ,бөлме  жылытатын  т.б. өз  өмірімізге  зақым келтіретін ток  құралдарын  пайдаланбауға;

– Бөлмелерге  бөтен  бөгде  адамдарды  кіргізбеуге, қондырмауға (достары, ата -аналары, туыстары)

– Асханаға жауапты  кезекші кезінде  қыздырғыш, кескіш құралдарға  жақындамауға, асхана ішінде қауіпсіздік ережесін  сақтауға;

– Мектеп жанындағы  көшелерге, мектептен  тыс  жерлерге (кітапхана, серуен, көпшілік  мәдени  орындар т.б.) шыққанда  жолда  жүру  ережелерін  қатаң сақтауға;

Меню