Жаңалықтар

Абайға арнау өлеңдер

АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ 175 ЖЫЛ МЕРЕЙТОЙЫНА ОРАЙ АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІН ЖАТҚА ОҚУ ЭСТАФЕТАСЫ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Кемелұлы:

Қадірлі ағайын! Кішкентай балдырған қызымыз Ләйлім-Шырақ Абайдың 175 жылдығына орай ұлы ақынның өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасын маған жолдаған екен. Мен бұл бастаманы зор қуанышпен қабылдадым. Хакім Абайдың есімі әрқашан қазақ халқымен қатар айтылады. Біз Абайды ұлықтау арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық рух дарытамыз. Абай арқылы елімізді әлемге паш етеміз. Биыл 30 мамырда данышпан Абайдың 175 жылдығын Республикалық деңгейде атап өту жөнінде арнайы жарлыққа қол қойдым. Абай мұрасы – біздің қастерлі қазынамыз.

Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпанын білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз.

Абай өлеңдерін оқу эстафетасын Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағанбетовке, Мәдениет және Спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдаймын.

Білім және Ғылым министрі Асхат Қанатұлы

Аймағамбетов Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұлы ақынның өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасын Қазақстан Республикасының Призиденті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтан қабылдадым. Ұлы Абайдың жас ұрпақтың білім алып, ғылымды  игеруге айрықша мән беретіндігі оның өлеңдері мен қарасөздерінен байқалады.Абай атамыз әр адамды ең бірінші кезекте өзіне және біліміне сенуге шақырады.

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?
Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме.

Мектеп-интернат директоры Роза Ербозымқызы Сексенова:

Құрметті ағайын! Қазақтың ұлы ақыны, қазақ әдебиетінің алтын діңгегі болған Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ақын өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасын Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрі Асхат Қанатұлы жолдаған екен. Біз Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернат ұжымы бұл эстафетаны зор құрметпен қабыл алдық. Данышпан Абай мұрасын дәріптеу арқылы біз ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеуге атсалысамыз.

Интернатта оқып жүр
Талай қазақ баласы –
Жаңа өспірім, көкөрім,
Бейне қолдың саласы.
Иждиһатсыз, михнатсыз
Табылмас ғылым сарасы.
Аз білгенін көпсінсе,
Көп қазаққа епсінсе,
Кімге тиер панасы?
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге.

Абай өлеңдерін оқу эстафетасын  мектеп-интернат түлектері және қамқоршылық кеңес мүшелері  айтыскер ақын Серік Қалиевқа, «ТасКредит»  компаниясының бас директоры Дулат Тастекеевке және «Алашұлы» тобының әншісі Мақсат Рахметке жолдаймыз.

Хакім Абайдың мерейтойына байланысты ақын өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасын Абай атандағы мектеп-интернаттың директоры  Роза Ербозымқызынан ықыласпен қабылдадым.

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы,
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?
Адамның бір қызығы – бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім.
Өзім де басқа шауып, төске өрледім,
Қазаққа қара сөзге дес бермедім.
Еңбегіңді білерлік еш адам жоқ,
Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім.
Өлең оқу эстафетасын әнші ағам Рамазан Стамғазиевқа, айтыскер ақын
бауырларым  Серікзат Дүйсенғазы мен Марат Ахметовке жолдаймын.

Ассалаумағаликум, қазақ елі! Мынау хакім Абай атамыздың 175 жылдығын тойлау қарсаңында ол кісінің өлеңдерін жатқа оқу эстафетасы кішкентай ғана Ләйлім-Шырақ қарындасымыздан басталып, Қасым-Жомарт Кемелұлы қолдап, қазір көптеген азаматтар осы үрдісті жалғастырып жатыр екен. Мен бүгін қазақ тілін тереңдете оқытатын Абай атамыздың атындағы мектеп-интернаттың басшысы Роза апайымыздан осы эстафетаны қабыл алдым. Сол үшін Абай атамыздың бір өлеңін қабыл алыңыздар:

Базарға қарап тұрсам, әркім барар,
Іздегені не болса, сол табылар.
Біреу астық алады, біреу – маржан,
Әркімге бірдей нәрсе бермес базар
Әркімнің өзі іздеген нәрсесі бар,
Сомалап ақшасына сонан алар.
Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар,
Бағасын пайым қылмай аң-таң қалар.
Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?
Демеймін жалпақ жұртқа бірдей жағар.
Жазған соң жерде қалмас тесік моншақ,
Біреуден біреу алып, елге тарар.
Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой,
Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар.
“Ит маржанды не қылсын” деген сөз бар,
Сәулесі бар жігіттер бір ойланар.

Енді осы эстафетаны қазіргі ақындар легінің көшбасшысы болыпжүрген інілерім Рүстем Қайыртайұлына, Аспанбек Шұғатаевқа, Мерей Қартовқа жолдаймын. Абай атамыздың әдемі өлеңдерін әдемі дауыспен  халқымыз тәнті болып тыңдай берсін, ағайын! Көп рахмет!

Ассалаумағаликум, аса қадірменді менің оқырмандарым, достарым! Кеше ғана маған керемет эстафета келіп жетті. Оның шежіресін түсіндіріп айтатын болсам, әндерін ерекше жақсы көретін Ерлан Рысқали ағамыздың қызы Ләйлім-Шырақ қарындасым Қазақстан Республикасының Призиденті  Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға жолдады. Еліміздің Призиденті Білім және Ғылым министріне, министр өзім тәлім-тәрбие алған, өзім білім нәрімен сусындаған Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының директоры Роза апайыма жолдап, әрі қарай Роза апай маған жолдаған екен. Ендеше  Абай Құнанбаев атамыздың 175 жылдығына орай ұйымдастырып отырған эстафетаны мен жалғастыруды жөн көрдім. Абай атамыздың өлеңдерінен үзінді оқып берейін:

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?
Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан шын асыл, тастай көрме.

Осындай керемет эстафетаны «Алашұлындағы» өзімнің бауырларым Әзімбек Байлин мен Ерзат Рамазановқа жолдаймын.

 «АБАЙ ЛЕБІ, АБАЙ ҮНІ, АБАЙ ТЫНЫСЫ…»

 

                       Жүрегін шырақ етіп жандырған кім?
                       Жырымен жан сусынын қандырған кім?
                      Өзіне өзі орнатып ескерткішті,
                       Мұра ғып, кейінгіге қалдырған кім?

 

Ол, әрине – Абай! Жас пен кәрінің құлақ құрышын қандырар әдемі әндері, көңілге түрлі ой салар өлеңдері мен адамзатқа ұстаз болған қара сөздері арқылы бар қазақтың жүрегінің төрінен орын тепкен Абай атамыздың туғанына биыл 175 жыл. «Абай есімі – қазақ халқының ұлттық санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруының, қоғамның озық күштерінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің символы», – деп Зәки Ахметов баға бергендей, Абай мен қазақ егіз ұғым. Ал Абайды да, қазақты да әлемге әйгілеген кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы екені мәлім. Бұл кітап тек Абайдың ғана емес, бүтіл қазақ халқының жарты ғасырлық ғұмыры, салт-санасы, әдет-ғұрпы, қазақылығы мен өзге елден ерек тәрбиесі. Тастанды балалар мен «көкек әкелер» қаптаған бүгінгі заманда Абайдай ұрпақ тәрбиелеген асыл аналарымыз бен Құнанбайдай әкелерімізді аңсайтынымыз да – ақиқат.

Тәрбие – адамзаттың тұлға болып қалыптасуына үлкен әсерін тигізетін басты фактор. Халқының бай мұрасын, мәдениетін абзал аналарынан алған Абайдың өмірлік мінезін Құнанбай тәрбиесі қалыптастырды. Абайға берілген әке тәрбиесінің негізінде жатқан тұлғалық қасиеттер – кемеңгерлік пен сыншылдық.

Кемеңгерлік – ақылдың, дарынның ең дамыған түрі. Құнанбай – кемеңгер тұлға. Бұл қасиетін шешімді, кесімді сөз айта алатындығынан байқауымызға болады. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында: «Құнанбайдың айтуы бойынша Қодар қазақта болмаған лағынетті іс жасаған көрінеді. Ахмет Риза хазіреттен осы іске фәтуа сұрап барыпты. Олай болса: «Жазасы дарға асу» депті», – деп айтылған үзіндіден қауіп-қатерлі іс болса да, Құнанбай осы жолды қайраттылығымен, ақылдылығымен таңдағаны байқалады. Абайға кемеңгерлік осындай әке тәрбиесі арқылы берілген. Абай бойындағы тұлғалық қасиетті Салиқа қыз дауын елдің ризалығымен шешкенінен көреміз. Абайдың дауды шешкенде қобалжымай, естіген-көргенін ақылға салып, шешімге келуі – Құнанбай мінезі.

Әке мен баланың арақатынасы мәңгілік мәселе. М.Әуезов Құнанбай мен Абайдың қарым-қатынасын биіккке көтерді. Құнанбай мен Абай сұхбатында: «Сенің басыңнан үш түрлі мін көремін. Ең әуелі, арзан мен қымбаттың парқын айырмайсың, жайдақсың. Екіншісі, дос пен қасты сараптамайсың. Үшіншісі, орысшылсың», – деген сөздері Абайдың бойында Құнанбай мінезін қалыптастырды. Әділет үшін қатігездікке барды. Абайдың болашақ өмірінде аталған қасиеттер түрлі қиын кезеңдерде сенімді серігі бола білді.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, әккі саясаткер, сыншыл әке, нағыз мұсылман, шешен тілді әке тәрбиесі дана Абайдың қалыптасуына әсер етті. Құнанбай Абайды тәрбиелесе, Абай әке өнегесі арқылы күллі қазаққа дұрыс жол көрсетті. Халықтың сүйіспеншілігінде болды. Абайдың салып кеткен сара жолы, өмірінің озық үлгісі қазақ көгінде әрқашан шоқжұлдыздай жарқырамақ.

Әрине, Абай атамыз туралы айта беру артық емес. Бір қарағанда таныс тақырып, таныс бейне секілденгенмен, ол туралы білетініміз тым аз-ау. Ал мен қызмет ететін Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатта ұлылықтың сырына қанық болып, даралықтың қандай болатынын ұғынғысы келетін ұрпақ өсуде. Болашақ Мұхтарлар мен Абайлардың дәл осы мектептен шығатынына да сеніміміз мол.

Абай ізінен, кіршіксіз ақ жүрегін тербеткен сансыз ойларынан, тамаша шығармалары мен жалынды жырларының әр жолынан, әрбір сөзінен бізге соншама ыстық, соншама жарқын леп еседі.Ол өткен заманның, кешегі түркі дүниесінің соққан тынысы болса да бізге түсінікті, жүрегімізге қонымды Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні. Абайдың жарқын бейнесі, жалынды жыры Мағжан сенген жастармен бірге мәңгі жасап келеді.

ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ

ОРЫНБАЕВА ДИНАРА

ХХ Республикалық Абай оқуларында «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясында жүлделі ІІ орынға ие болған

10-сынып оқушысы Абитилда Нұрисламның Абай атаға арнауы

ДАНАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ АРМАН

Арманы – асқақ, мұраты – бөлек,
Ақыл-ой – алмас семсері.
Тұлғасы таудай тұратын ерек,
Шыңғыстаудан да еңселі.

Уақыттан ойың асып тұр бүгін,
Айнасы ұлттың – Абайым.
Қараша үйдің ашып түңлігін,
Төккенсің сөздің арайын.

Хақ дінімізді қастерлеген ең,
«Каламулламен» танысып,
«Басқа да шауып, төске өрлеген ең»,
Мыңменен жалғыз алысып.

Қайран жұртым деп халқыңды ойладың,
Ұрпағым білім алсын деп.
Ата дінің мен салтыңды ойладың,
Жүректе иман қалсын деп.

Ақиқат жырдың шырағын жаққан,
Бойында тұнған қасиет.
Қастерлеп ұрпақ тұмар ғып таққан,
Әр сөзің ғибрат, өсиет.

Жетелер күнге ғажап алдағы,
Абайдың жолы үлгі еді.
Абай арманы – қазақ арманы,
Жеткізер бақыт күнге елді.

Қиянат көрген озбыр тағдырдан,
Қазағың бүгін болды азат.
Арылмай кейбір сөз қуғандардан
Баяғы қазақ – сол қазақ.

Ұрпағым адал адам болсын деп,
Ұйқысын беріп, мұң алған.
Орындалса екен бүгінгі күні
Данадан қалған ұлы арман.

ТҮС
(АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ РУХЫМЕН ТІЛДЕСУ)

Жасымас жігерің – от, намыс – жалын,
Белгілі мыңмен жалғыз алысқаның.
Қара қылды қақ жарып қайран ата
Ұрпаққа ұлы мұра табыстадың.

Жұртың үшін сен шыққан төбе құнды,
Ұлтың үшін көтердің беделіңді.
Жырға қуат, жаныма азық етіп,
Санама серік қылдым өлеңіңді.

Абай ата, сен менің киелімсің,
Құлай қалсам қолтықтан сүйерімсің.
Айналған өмірімнің өзегіне
Әрбір қарасөзіңді сүйемін шын.

Осылай терең ойда жатқанымда
Ұйқы қысып, көз ілдім қас қағымда.
Тілдестім мен өзіңнің рухыңменен,
Жол сілтеп, жөн көрсеттің жас дарынға…

«Бүгін сен қара өлеңге қадам бастың,
Қара қылды қақ жарған ақ алмассың.
«Жүрегіңнің түбіне терең бойла»
Әйтпесе, тым әріге бара алмассың.
 
Шалқысаң, өз ұлтыңмен шалқы дер ем,
Дәріптей біл дәстүрін салтыменен.
Еліңнің сүйіктісі болам десең,
Адамның баласы бол алдыменен».

Тәтті түс, мен дәміңді татып тұрдым,
Қалың ой орманына батып кірдім.
Абайдай тұлғалардың ұрпағымын,
О тоба, мен не деген бақытты ұлмын!

Ғажап түс, тағы бір сәт орал тегі,
Мұндай бақыт басқаға қонар ма еді?!
Жан дүнием жадырап, денем балқып,
Қара өлеңге ғашықпын содан бері.

Шалқып кірдім қара өлең базарына,
Жүрегім талай дастан жазады ма?
О, Тәңірім, қарызбыз біз өзіңе,
Абайдай тұлға берген қазағыма.

Түлеп ұштым Абай жыр мекенінен,
Өлеңмен елге қызмет етемін мен.
Даңғыл жолды бетке алып Абай салған,
Ұстадым қара өлеңнің жетегінен.

10-сынып оқушысы
Дәуренбекұлы Абылай

ХАКІМ АБАЙ

Сөз әлемі секілді әр ақынға,
Қалықтаған қара өлең қанатында.
Сүрлеуін сөзбен салған Абай ата,
Қазақтың дана ақыны, дара тұлға.

Қара сөз, қара өлеңі өрістеген,
Әр сөзінен таусылмас жеміс терем.
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Деп жырлаған:  «У бар ма мен ішпеген…»

Әр өлеңі шариғат, Құранға бай,
Тағылым ала алмайсың бұдан қалай?
Тамырын тереңдеткен Абай тілін,
Менің халқым сөйлесін шұбарламай!

Ғасырдың ғарыш ойы боп келеді,
Әр жыры өр кеудеге от береді.
Сөзінен тәлім алып жоқтай білгін,
Данышпанды мақтаудың жоқ керегі,

Ұлы Абай арқылы ғашық болдым,
Досқа адал, дұшпаннан қашық болдым,
Бес нәрседен әрқашан қашық болып,
Бес нәрсеге әрдайым асық болдым.

10-сынып оқушысы
Әмзеғали Досымжан

АБАЙ – ТІРІ, ЖАСАЙДЫ ОЛ МӘҢГІЛІК

Абай ата болған бұрын, қазір жоқ,
Дейтіндерге өкпе менен назым көп.
Абай тірі, Абай жасайды мәңгілік,
Ұрпақтары біз тұрғанда жалын боп.

Абай – дана, ғұламасы қазақтың,
Өлең сөзі, ой санасы ғажап тым.
Абай деген атты естісе бұлқынар,
Намыс оты оянады қазақтың.

Құнанбайдың тұяғы ол – мақтаныш,
Ойы менен шешендігі ор қылыш.
Қызыл тілім бұлқынады тұлпардай,
Шабыт келсе тоқтамайды қалам ұш.

Абай тірі жанында әрбір ақынның,
Шығар шыңын көрсетеді ақылдың.
Әрбір сөзі қалар мәңгі санада,
Соқыр көзін  ашады ол пақырдың.

Абай – дара, Абай – дана қазақта,
Абайды оқып мен сенемін ғажапқа.
Абай тірі, жасайды ол мәңгілік,
«Жоқ» деп айтқан шыдамаймын азапқа.

Абайды біл, Абайды оқы өлмейсің,
Өзіңді Абай шәкіртіндей көргейсің.
Абай – асыл, Абайы ол халықтың,
Абай тірі, осыған сен сенгейсің.

8-сынып оқушысы
Тасмұратова Дана

ЖЕБЕУШІ…

Жырларың қандай, теңіздей терең тұңғиық,
Қара халықтың жағдайын жырлап, шын күйіп.
Жеті жоқтарын түгендеп қазақ жұртының,
Ертеңді ойлап, көңіліне толған мұң-күйік.
Қырғи тілі мен қанжардай өткір қаламы,
Хәкім Абайдан айтыңдар, қане, кім биік?

Хақ Тәңірімнен білдірем тілек бола гөр,
Тірі пендеңе ақыл мен ойлы сана бер!
Жақсы-жаманға, бай-кедейге де ақыры,
Бұйыратыны қырық сүйемдей қара жер.
Осыны ұғып қолыңа қалам алдыңда,
Жаһаннан жалғыз іздедің, баба, жаңа жол.

Өмірде мынау сан қилы белес, жолменен,
Біреулер жүрді ақ адал асын жеуменен.
Біреулер жүрді болыс болуға ұмтылып,
Күншілдік ойын күбірткідейін жеуменен.
Ал, Абай бабам шығарған жанын кеудеден,
«Қазағым елім, қайран да жұртым» деуменен.

Біз қазақ едік,
Қымызын ішіп, күйіне құлақ түргізген,
Билігін жалғыз Жаратқан ғана жүргізген.
Ақ патша келіп, қаймағын бұзып қазақтың,
Жақынды жат қып, келімсектерін кіргізген.
Бөрілерінің азу тістерін алғызып,
Күшігін әкеп босағамызда үргізген.

Заманда сондай запыран жұтып, зәр іштің,
Адалдық үшін арамдықпенен алыстың.
Болашағыңды қара сөзіңмен баулыдың,
Бұғанасындай берік болуға барыстың.
Төртеумізді түгендеп, сірә, жүрсің-ау,
Аруағыңменен төріңде сонау ғарыштың…

9-сынып оқушысы
Дәулетбек Думан

Меню