Жаңалықтар

«Үздіксіз ізденіс – кәсіби даму кепілі» тақырыбындағы республикалық конференция

23 тамыз 2021 жылы Абай атындағы РММИ ұйымдастыруымен Абай мектептері желісінің ұстаздары үшін «Үздіксіз ізденіс – кәсіби даму кепілі» тақырыбындағы республикалық конференция жоғары деңгейде өтті.  ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Карамбаев Жомарт Петрович тамыз кеңесі аясында Абай мектептері желісі үшін ұйымдастырған «Үздіксіз ізденіс – кәсіби даму негізі» тақырыбындағы республикалық онлайн конференциясында алғы сөз сөйлеп, ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі. Конференция барысында Абай атындағы РММИ директоры Роза Ербозымқызы 2020-2021 оқу жылында Абай мектептерімен жасалған жұмыстардың есебін бейнеролик арқылы көрсетіп, 2021-2022 оқу жылына арналған жұмыс жоспарымен таныстырды. Абай мектептерінің басшыларына арнап ПШО тренері Ділдахан Қыраубекұлы «Мектепті басқару: мектепішілік бақылау» тақырыбында коучинг жүргізсе, ұстаздар үшін ЖОО ғалымдары, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, PhD Нұрбол Құдайбергенов дәріс оқып, Абай атындағы РММИ мұғалімдері шеберлік сабақтарын өткізді. Абай мектептері желісінің 5-11-сыныптарына арнап әзірленген жаңартылған мазмұндағы тереңдетілген «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Абайтану» пәндерінің үлгілік оқу бағдарламалары негізінде дайындалған Күнтізбелік-тақырыптық жоспарлардың үлгі-жобалары ұсынылып, талқыланды. Кері байланыс барысында мұғалімдер көкейдегі сұрақтарын қойып, жоғарыда аталған мәселелерге байланысты ұсыныс-пікірлерін айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Абай мектептері арасында бір жыл көлемінде орнатылған тығыз байланыс алдағы оқу жылында одан әрі жанданып, жалғасын таба бермек. Жаңа оқу жылында баршаңызға шығармашылық табыс тілейміз!

Меню